ШҚО-да суға батып кеткен екінші балықшының мәйіті табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Олар былтыр 20 қарашадан бері үйіне оралмаған

фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі

19 сәуірде Тарбағатай ауданы Зайсан көлінде Тұғыл кентінің тұрғындары суға кеткен 1990 жылы туған екінші балықшының денесін тауып, судан шығарды. Бұл туралы ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың 20 қарашасында балық аулауға шыққан екі ер адам сол күйі үйіне оралмаған. Құтқарушылар 26 күн бойы 16 291 шаршы метр ауданға сүңгуірлер жіберіп іздегенмен, нәтиже шықпады.

Биыл 16 сәуірден бастап ТЖД мамандары іздеуді қайта бастады. Нәтижесінде құтқарушылар (16 сәуірде) оқиға орнынан 30 шақырым жерде суға кеткен 1981 жылы туған адамның денесін тапты.