Алматыда футбол қақпасы басып қалған бүлдіршін ауруханадан шығарылды

Автор: Azattyq Rýhy

Балаға 9 айдан соң тағы операция жасалады

Алматының Әуезов ауданында ойын алаңында ауыр футбол қақпасы басып қалған 5 жасар бала бүгін ауруханадан шығарылды. Роман Носаченко 12 күн бойы ем қабылдады. Дәрігерлер оның жамбас сүйегіне күрделі операция жасаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Салмағы ауыр спорт құрылғысы ойнап жүрген баланың үстіне құлған еді. Оқиға биыл 4 сәуірде болды. Ес-түссіз жағдайда ауруханаға жеткізілген бүлдіршінге бірнеше диагноз қойылған. Алматы қалалық балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының мамандары науқасты шығарарда төмендегідей анықтама берген.

Роман Носаченконың ми бас сүйегінің жарақаты, миының шайқалуы, алдыңғы жамбас сүйегінің сынуы, орнынан қозғалуы, сол жақтағы тізеден төмен шыбық сүйегінің екеуі де сынған. Өкпесіне және жүрегіне зақым келген. Өзге де ішкі органдары зақымданған. Жарақаттық шошынудың 1-дәрежесі деген диагноз қойылған.

«Бүгін ғана ауруханадан шығарып үйге алып бара жатырмыз. Ол 3-4 апта гипспен жататын болады, деді. Енді 9 айдан соң тағы операция жасалады. Бала сөйлейді, бірақ жарақаты көп болған соң жиі жылайды, айғайлайды. Әсіресе түнде мазасыз. Ал әкімдік немесе алаңның құрылысын салғандардан сол күйі хабар болған жоқ. Ауладағы қақпаны бетонмен бекіткенін көрдік. Біз олардың жазаға тартылуын қалаймыз және баланың ары қарайғы оңалуына, оның үстіне шешесі жұмыссыз қалды. Осының барлығына кететін шығындарды өтеп беруі тиіс деп ойлаймын», - деді баланың әкесі Антон Носаченко.

Баланың ата-анасының айтуынша, 2016 жылы салынған футбол алаңында қақпаның екеуі де беріктендірілмеген. Яғни жерге де, алаңды қоршап тұрған тор қоршауға да бекітілмеген. Бұл оқиға бойынша 6 сәуірде Алматы қаласы Полция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген еді.  Қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеп тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚК-ның 306-бабы бойынша (Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету) енгізілген. Қалалық полция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек бұл оқиға бойынша бірнеше сараптама тағайындалғанын, бірақ күдіктінің әлі анықталмағанын мәлімдеді.

Әуезов ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің жетекшісі Азат Кәкетаевтың хабарлауынша, 2016 жылы №8 ықшамауданындағы №79 үй бойынша ойын алаңын, футбол алаңын жақсарту және сыртқы жарықтандыруды орнату жұмыстары жүргізіліп, содан кейін ойын алаңы мен футбол алаңы күтіп ұстау үшін «Управление домами-14» пәтер иелерінің тұтынушылар кооперативіне берілген. 

Сондай-ақ 2020 жылы осы мекен-жай бойынша аулаға EC-EnergyQazaqstan» ЖШС мердігер компаниясы келісімшартқа сәйкес ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізген. Тапсырыс берушісі - Әуезов ауданы әкімінің аппараты. Смета бойынша, ойын алаңының резеңке жабындысын ауыстыру және сыртқы жарықтандыру құрылғыларын ауыстыру жұмыстары жүргізілген.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы