$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.04.2021, 13:32
Оқиғалар

Түркістан облысында мал ұрлаған ағайындылар сотталды

Олар 5 жылға бас бостандықтарынан айырылды

Түркістан облысында мал ұрлаған ағайындылар сотталды
Фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысында мал ұрлаған ағайындылар бес жылға сотталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Бәйдібек АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып, қорасында тұрған тоғыз бас қойын белгісіз біреулер ұрлап кеткенін жеткізді. Жәбірленушіге келтірілген шығынның көлемі 400 мың теңгені құрады. Бұл жайтты полицейлер тез арада тіркеуге алды.

Жедел-тергеу тобы ақпарат алысымен оқиға орнына аттанып, жедел шараларды жүргізді. Осы кезде тағы бір тұрғын арызданып, жайылымнан үш бас сиырын белгісіз біреулер жымқырып кеткені бойынша шағым түсірді.

Мал ұрлығы қылмыстарын ашу, күдіктілерді ұстау мақсатында тәртіп сақшылары қарқынды қызмет атқарды. Мал таситын көліктерді, мал базарларды мұқият тексеріп шықты. Бәйдібек АПБ КПБ бастығы Нұрымхан Ережепов бастаған жедел уәкілдердің жан-жақты іздестіруі нәтижесінде, екі жайт мал ұрлығына да қатысы бар күдіктілердің жеке басы анықталды.

Күдікті ретінде үш ер адам ұсталып, аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Оның екеуі туған бауырлар болса, үшіншісі таныстары болып шықты. Ағалы-інілі екеу шымкенттік тұрғындар, ал үшіншісі жергілікті тұрғын. Біреуі бұрын сотты болған.

Күдіктілердің жоғарыда айтылған екі ұрлық қылмысына да қатысы бар екендігі толық дәлелденді. Одан бөлек тергеу барысында, күдіктілер мұнымен қоймай, үшінші тұрғынның қорасынан екі бас сиырын ұрлап кеткені анықталды.

Жалпы үш жайт бойынша жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі екі миллион теңгеге жуықтады. Белгілі болғандай күдіктілер, алдын ала сөз байласып, ұрлық жасаған. Яғни күдіктінің бірі ұрлық жасайтын жерді тауып, басқаларына хабар берген. Келесілері арнайы көлік жалдап келіп, ұрланған малдарды тиеп әкетіп отырған. Одан ары Шымкент, Жетісайдың мал базарларында сатып, ақшасын теңдей бөліп алып отырған.

«Тергеу әрекеттерін ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша жан-жақты жүргіздік. Күдіктілер мінген көлікті таптық. Алдымыздан кездескен барлық кедергілерден өттік. Одан кейін, сотқа дейінгі тергеу амалдарына біршама уақыт жұмсадық. Күдіктілердің кінәсін дәлелдеу үшін қажетті айғақтарды жинақтадық. Күдіктінің бірі ауылдағы адамдар мен олардың малдарының жай-күйін білетін жергілікті тұрғын болып шықты. Оңай ұрлап кетуге болатын қора-жайлар мен жайылымдарды тауып, күдікті сыбайластарымен осындай әрекетке барған. Материалдық шығын тергеу кезінде өндірілді. Осылайша іс толығымен аяқталып, айыптау актісімен сотқа жолданды. Нәтижесінде күдіктінің бірі бес жылға бас бостандығынан айырылса, қалған екеуіне бес жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды», – деді тергеуші Ә.Амангелді.

Серіктес жаңалықтары