Балқашта жол апатынан полиция инспекторы қаза тапты
Марқұм 46 жаста болған
Балқаш қаласының іргесінде патрульдік полиция көлігі мен Volvo жүк көлігінің соқтығысуы салдарынан полиция инспекторы қайтыс болды. Қарағанды облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, автокөлікте болған екінші полицей ауруханаға жеткізілді.
Қарағанды облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, жүк көлігінің тізгінінде 41 жастағы жүргізуші болған. Ал, полиция автокөлігін 33 жастағы инспектор басқарған. Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
«Жол көлік оқиғасы салдарынан патрульдік полиция автокөлігінде жолаушы орнында отырған 46 жастағы инспектор Хайдар Оразбаев қайтыс болды. Марқұм бұл сәтте қызметте болған. Көліктің жүргізушісі ауруханаға жеткізілді. Қарағанды облыстық ішкі істер органдарының басшылығы мен жеке құрамы марқұмның туған-туыстарына қайғыра көңіл айтады», - делінген облыстық ПД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Полиция аға лейтенанты Хайдар Оразбаев ішкі істер органдарында 1995 жылдан бері қызмет етіп келген. Үйленген, 4 баланың әкесі.