Петропавл тұрғыны ит үшін адам пышақтап, көпқабатты үйді жарып жібермек болды

Автор: Azattyq Rýhy

Ит қауып, жарақат алған жапа шегуші ауруханаға жеткізілді

Петропавлда ит үшін басталған жанжал адам пышақтаумен аяқталды, - деп хабарлайды «Azattyq Rýhy» тілшісі СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Барлығы жай ғана ескертуден басталған. Итпен серуендеп жүрген иесіне жанынан өтіп бара жатқан адам жануарға тұмылдырық кигізу керектігін ескерткен. Оған ашуланған иттің иесі, төрт аяқтыны айтақтап, ескерту жасаған адамды пышақтап тастаған. Ит қауып, жарақат алған жапа шегуші ауруханаға жеткізілді. 

Шақырту бойынша келген жедел топ ит иесінің пәтеріне кіре алмаған. Есікті ішінен құлыптап алған күдікті газды қосып, үйді жаратынын айтқан. Оқиға орнына облыстық және қалалық полиция, прокуратура басшылығы, төтенше жағдай қызметі келді. Көпқабатты үй электр жарығы мен газдан толық ажыратылды. 

Иттің иесі 7-қабаттағы терезеге шығып, денесін пышақпен тілгілеген. Терезеден секіруге әрекет жасаған. Арнайы жасақтың 3 жауынгері өрт сөндіруге арналған автосатының көмегімен ер адамды пәтерінен алып шықты. Аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО