$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.09.2019, 10:46
Оқиғалар

Түркістан облысында енесін балғамен ұрып өлтірді деген күдікпен жас әйел ұсталды

Күдікті келіншек көрші ауылда тұрған

Түркістан облысында енесін балғамен ұрып өлтірді деген күдікпен жас әйел ұсталды

Түркістан облысының полицейлері Созақ ауданында аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен жас келіншекті ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Ол өз енесінің басынан балғамен ұрып, аса айуандықпен өлтірді деген күдікке ілінді.

Полицияға хабарды 16 қыркүйекте марқұмның көршілері хабарлаған. Олар үй иесінің мәйітін асханадан тауып алғандарын айтыпты. Тәртіп сақшылары қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабымен («Кісі өлтіру») іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Күдікті уақытша ұстау абақтысына жабылған.

«Мәйітті қарау кезінде криминалистер жәбірленушінің өлімі басына ауыр затпен соққы берудің салдарынан болғанын анықтады», - дейді Түркістан облысы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Қаракөзова.

Жедел іздестіру шаралары барысында полицейлер марқұмның көрші ауылда тұратын келінін ұстады. Ол енесін қасақана өлтіргенін айтыпты. Араларында жанжал туындағаны да белгілі болды. Қылмысын жасап болғаннан кейін түк болмағандай көрші ауылдағы өз үйіне кетіп қалған.

«Жедел уәкілдер күдіктіні өз үйінен ұстады. Күдікті әйел қазір қамауда. Ол қылмыс жасағанын толық мойындады. Айғақты зат ретінде балға тәркіленіп алынды», - дейді Салтанат Қаракөзова.

Қазір полицейлер тергеу амалдарын жүргізіп, ауыр қылмыстың себеп-салдарын анықтап жатыр. Әзірге туыстардың арасындағы жанжалдың нақты себебі айтылмады. Дегенмен, полицейлер оның тұрмыстық сипатта болуы мүмкіндігін жоққа шығармады.

Айта кетейік, егер келіннің қылмысы сотта дәлелденсе, ол 15 жылдан 20 жылға дейінгі аралықта немесе өмірінің соңына дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Сондай-ақ, оның дүние-мүлкі тәркіленеді.

Арай Есенбек, Azattyq Rýhy.

Серіктес жаңалықтары