ШұғылCOVID-19: Қазақстанда вирус жұқтырғандар саны 406 мыңнан асты

Солтүстік Кореяда жұмысын тиімді атқара алмаған шенеунік өлім жазасына кесілді

Шенеунік қажетті ғимарат пен құрал-жабдықтың жоқ екеніне бірнеше мәрте шағымданып, билікке сын айтқан

 

Фото: Reuters

Корей Халық-Демократиялық Республикасында қашықтан оқыту бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі комиссияның басшысы тиімді жұмыс атқара алмағаны үшін өлім жазасына кесілді. Құрылым құрылған 2020 жылдан бері ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy РИА Новостиге сілтеме жасап.    

Уақытша комиссия білім беру министрлігімен тығыз байланыста жұмыс істегендіктен, оның басшысы ретінде ведомство департаменттерінің бірінің бастығы болған Пак есімді азамат таңдалып алынған екен.

Айта кетерлігі, құрылымның жұмыс барысында оның Пак бастаған кейбір мүшесі билік саясатына қатысты сын айтқан.  

«Комиссия басшысы алға қойған мақсаттарды жүзеге асыруға қажетті ғимарат пен құрал-жабдықтың жоқ екенін айтып, талай мәрте шағымданғаны белгілі болды. Алайда басшылық Орталық Комитет тарапынан ол қажеттіліктерге қатысты ешқандай нұсқаулықтың болмағанын айтып, шығарып салып отырған», - делінген ақпаратта.  

Содан кейін комиссия мүшелерінің бірі, Ким Ир Сен атындағы университеттің заң факультетінің деканы оқу орнының басшысымен және министрлік өкілімен кездесіп, Пак пен ол басқарып отырған құрылым жұмысының кемшіліктерін көрсетіп берген. Нәтижесінде комиссия жұмысына тексеру жұмыстары жүргізілген. Ал наурыз айының екінші аптасында «білім беру саласында антипартиялық және антитөңкерістік сектанттық әрекет жүргізді» деген айыппен Пак өлім жазасына кесілді. 

Айта кетсек, 2019 жылы республика көшбасшысы Ким Чен Ын мен АҚШ президенті Дональд Трамптың сәтсіз келісімінен кейін КХДР-дың АҚШ істері жөніндегі мемлекеттік кеңесінің арнайы өкілі Ким Хек Чхоль өлім жазасына кесілген болатын. Онымен бірге солтүстіккореялық Ішкі істер министрлігінің тағы бес қызметкері өлім жазасына ілініп, атылып кетті.