Нұр-Сұлтанда 300-ге жуық киік мүйізін сатпақ болғандар ұсталды

Мемлекетке келтірілген шығын көлемі шамамен 500 миллион теңгені құрайды

 

Нұр-Сұлтан қаласының ПД қызметкерлері киік мүйізінің ірі партиясын тәркілеу бойынша арнайы операция өткізді, деп хабарлайды Polisia.kz.

Осы жылдың 9 сәуірінде киік мүйізінің ірі партиясын сату кезінде қылмыстық топ ұсталды. Арнайы операция Қарағанды облысының Полиция департаментімен бірлесе жүргізілді.

«Олар елорда мен Қарағанды облысының 55, 52 және 44 жастағы тұрғындары болып шықты. Нұр-Сұлтанда тұратын екеуі елордадан киік мүйіздерін сату нарығын іздеп, кейіннен Қарағанды облысының аумағында сатпақ болған. Ұстау кезінде 293 дана мүйіз тәркіленді (ірі партия). Мемлекетке алдын ала келтірілген шығын көлемі шамамен 500 миллион теңгені құрайды», - делінген хабарламада.

Күдіктілердің тұратын жері мен олардың байланыстарының алты мекенжайы бойынша бір уақытта тінту жүргізіліп, айғақ заттар мен дәлелдемелер алынды. Сонымен қатар, есірткі заттары тәркіленді.

Аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің 393-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жүргізілуде.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.