ШҚО-да су басқан ауыл тұрғындары эвакуацияланды

Автор: Azattyq Rýhy

Мектеп және әкімдік ғимараттарында эвакуациялық пункттер дайындалды

Шығыс Қазақстан облысында ТЖД құтқарушылары мен жергілікті атқарушы органдар Бородулиха ауданы, Новопокровка ауылының тұрғындарын эвакуациялады. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.  

«9 сәуір күні Новопокровка ауылында қарғын су үй аулаларына жайылды. Су деңгейі 10-30 см-ге дейін жетті. Қазіргі уақытта он үйдің тұрғындары эвакуацияланып, туған-туыстарына жеткізілді. Сонымен қатар, мектеп және әкімдік ғимараттарында эвакуациялық пункттер дайындалды», - делінген ақпаратта.

Бородулиха ауданындағы төтенше жағдайға жеке құрамнан 83 адам жұмылдырылды. Сондай-ақ, ШҚО ТЖД және жергілікті атқарушы органдардан, №68303 әскери бөлімнен 19 техника, 3 жүзу құралы, 5 мотопомпа жеткізіліп, 400 дана қап төселді.