«Қазақалтыннан» құны 122 млн теңгенің алтынын ұрлағандар қолға түсті

Автор: Azattyq Rýhy

Күдіктілер қылмыстық әрекетті алты ай бұрын жоспарлаған екен

Ақмола облысында «Қазақалтын» АҚ кенішінен құны 122 млн теңге болатын алтын ұрлаған күдіктілер бір айдан кейін ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2 наурызға қараған түні Ақмола облысы Шортанды ауданы Полиция басқармасының кезекші бөліміне белгісіз тұлғалардың «Қазақалтын» АҚ кенішінің десорбциясын сақтау камерасынан катодтық алтын салынған қапты ұрлап кеткені туралы телефон хабарламасы келіп түсті.

Қылмыстық әрекет салдарынан кәсіпорынға аса ірі мөлшерде – 122 млн теңгеден астам сомаға залал келтірілген.

Аталған факт бойынша ҚР ҚК 188-бабы 4-бөлігі «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Осы қылмысты жасауға қатысы бар адамдарды анықтау және ашу үшін дереу криминалдық полиция мен тергеудің тәжірибелі қызметкерлері қатарынан арнайы тергеу-жедел тобы құрылды.

Жедел-іздестіру және тергеу іс-шараларының кешені өткізілді. 300-ге жуық адамнан жауап алынды, кәсіпорын объектілерінен, сондай-ақ кенттің периметрі бойынша орналасқан бейнебақылау камераларынан бейнежазбалар зерделенді және талданды.

«Осылайша, «Қазақалтын» ТМК АҚ екі қызметкері күдікке ілінді. Олар Жолымбет кентінің 26 және 34 жастағы екі тұрғыны болып шықты. Жедел қызметкерлердің бейнеархивтік жазбаларды тыңғылықты талдауының және жүргізілген жедел іс-шаралар кешенінің нәтижесінде қаскүнемдердің қылмыстық әрекетті алты ай бұрын жоспарлағаны анықталды», - делінген хабарламада облыстық Полиция департаментінің баспасөз хабарламасында.

Қазіргі уақытта күдіктілер өз кінәсін мойындады. Заттай дәлелдемелер, атап айтқанда, зауыттан ұрланған катод алтыны қылмысқа қатысушылардың бірінің туысына тиесілі пәтерден табылды.