Павлодарда ветеринар болып заңсыз жұмыс істеген өзбекстандық азамат анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Өзбекстан азаматы 1 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды

Өзбекстан елінің 24 жастағы азаматына қатысты ҚР ӘҚБК 517-бабы 5-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, материал сотқа жолданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Рavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

«Павлодар ауданы ауылдарының бірінде орналасқан ЖШС-нің біріне тиесілі сүт сауу кешенін тексеру кезінде кешенде ветеринар болып жұмыс істеген азамат анықталды, бірақ оның еңбек қызметіне рұқсаты болмаған.  Сот шешіміне сәйкес, Өзбекстан азаматына 1 тәулік мерзімге әкімшілік қамау түрінде жаза тағайындалды. Бұдан басқа, ЖШС директорына қатысты ҚР ӘҚБК 519-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік өндіріс қозғалды», - деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Арман Уәлиев.

Адам саудасы трафигінің жолын кесу және шетелдік жұмыс күшін мәжбүрлеп пайдалану фактілерін анықтау мақсатында 2021 жылғы 30 наурыз және 2 сәуір аралығында шаруа қожалықтары, ауыл шаруашылығы алқаптары, қыстақтар мен құрылыс объектілері тексерілді. Аумақтық бөлімшелер 1500-ге жуық нысанды аралап шықты.

Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін 166 адам, оның ішінде 4 шетелдік азамат және 162 қазақстандық азамат жауапкершілікке тартылды. Қабылдау-бөлу орнына жеке басын куәландыратын құжаты жоқ 7 адам орналастырылды.

Рейдтік іс-шаралар кезінде жұмыс күшін мәжбүрлеп пайдалану фактілері анықталмады.