$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.04.2021, 10:14
Оқиғалар

Ақтөбелік полицейлер шенеуніктерді сотқа берді

Шаһар жолдарындағы ой-шұқырдан тұрғындар түгілі, тәртіп сақшылары да шаршаса керек

Қармен еріген қара асфальт. Ақтөбелік полицейлер шенеуніктерді сотқа берді. Шаһар жолдарының шұңқырынан тұрғындар түгілі, тәртіп сақшылары да шаршаса керек. Ал көлік тізгініндегілер үнемі көлігін жөндетеміз деп шағымданады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Тәртіп сақшылары тым болмаса жолды жамап, ойылған тұсын орнына келтіруді талап етіп отыр. Бірақ билік өкілдері әзірге тұрғындар өтініші мен полиция ұйғарымын орындауға асықпай отыр.

Көктем сайын Ақтөбенің көшелері сай-сала, сан шұңқырға айналады. Қаланың шеті түгілі, қақ орталығы осындай күйге түседі. Көлігін аяған көпшілік жылдамдықты баяулатып, нашар тұсын айналып өтуге тырысады. Бірақ бәрібір темір тұлпар шұңқырға сүрінеді. Үнемі көлік жөндетуден көз ашпадық дейді жүргізушілер.

Сапасыз жол, тіпті жол сақшыларының да тағатын тауысқан сыңайлы. Соңғы екі аптаның ішінде автокөлігін зақымдаған бес адамнан арыз түскен. Полицейелер көшелерді зерттеп. коммуналдық мекеме өкілдеріне он күнде жолды қалыпқа келтіруге уақыт берген.

«ҚР автокөлік жолдары заңына сәйкес бұл жұмыстарды жөндеу осы жол иелеріне жасауға жүктелген. Сол себептен осыған дейін тексеру жұмыстары жүргізіліп, осы ақаулар мен шұңқырларды  орнына келтіру бойынша ұйғарым берілді», - деді Ақтөбе облыстық ПД бөлім басшысы Еркін ӨТЕГЕН.

Алайда ол талап орындалмады. Сол себептен тұрғын үй шаруашылық мемлекеттік мекемесінің лауазымды тұлғаларына қатысты әкімшілік іс қозғалып, қазіргі уақытта мамандандырылған әкімшілік соттың қарауына жіберілді. Бірақ қалалық бөлім полицияның ұйғарымын орындауға асығар емес. Әзірге жолдың шұңқырын жамайтын жан жоқ. Ауа-райы да қолайсыз деп сылтауратты.

«Ауа райының қолайсыздығына байланысты және байқау қорытындысы әлі де шыққан жоқ. Мердігер мекеме осы жылға. Сондықтан ұйғарымды орындау мүмкін емес болып тұр», - деді Ақтөбе қалалық ТҮКШ бөлімінің маманы Науаи ӘМІРБЕК.

Бөлім маманы жолды жөндеу жұмыстарына мамыр айында байқау жариялаймыз деді. Сол уақытта мердігер де анықталмақ. Ал әзірге жолдың ойылған тұстарын таспен бітеп жатыр.

Серіктес жаңалықтары