Ақтөбедегі шошқа шаруашылығының қожайыны үйқамаққа алынды

Автор: Azattyq Rýhy

Кәсіпкерге 7 миллиард теңгеден астам айыппұл салынды

Ақтөбедегі атышулы шошқа шаруашылығының қожайыны үйқамаққа алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «КТК» телеарнасына сілтеме жасап.

Миллионер Гайк Тертерянға сотқа дейін үйінен аттап басуға тыйым салынды. Оның үстінен жерді бүлдіргені үшін қылмыстық іс қозғалды.

Экологтар тек Бестамақ ауылы тұрғындары жаппай наразылыққа шыққан соң ғана шошқа фермасын тексеруге кіріскен еді. Оған дейін талпақ танау өсіретін кешендегілер білгенін істеген. Ауыл іргесіне шошқа қалдықтарын төгіп, одан қалды ішек-қарны мен сүйек-саяғына дейін өзенге ағызған. Осы ісі үшін кәсіпкерге 7 миллиард теңгеден астам айыппұл салынды. Бірақ Гайк Тертерян онымен келіспей отыр. Енді ол әкімшілік істен бөлек, қылмыстық жауапқа тартылады. Миллионердің кінәсі дәлелденсе, үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

«Парижская комуна» серіктестігіне қатысты ҚК-тің 332-бабы, 1-бөлімімен іс қозғалды. Бүлінген жер аумағын анықтауға комиссиялық сараптама тағайындалды. «Парижская комуна» компаниясының жалғыз құрылтайшысы әрі директоры – Тертерян Гайк Вардгесович, 1950 жылы туған. Қазір басты күдікті ретінде үй қамақта отыр», - деді Ақтөбе облысы полиция департаментінің аға тергеушісі Айгүл Иманғазина.