Банк атын жамылған алаяқтар Петропавл тұрғынының 12 миллион теңгесін жымқырды

Жәбірленуші полицияға жүгінді

Банк атын жамылған алаяқтар Петропавл тұрғынының 12 миллион теңгесін жымқырды
Azattyq Rýhy / Батыржан Беспаев

Петропавл тұрғыны алаяқтардың кесірінен 12 млн теңгеге жуық қаражатынын айрылды. Ол ұлын оқытуға депозитке жинаған ақшасын кибер-қылмыскерлердің шотына аударып жіберген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Наурыз айының ортасында оған өзін «қауіпсіздік қызметінде істеймін» және «банк менеджерімін» деп таныстырған белгісіз ер адам мен қыз хабарласқан. Олар 7 минут бұрын оның атына бөтен адамның ірі көлемде несие ресімдегенін, айтып қала тұрғынын сендірген және «өзін алаяқтардың әрекетінен қорғау» үшін оған есепшотын жаңарту керектігін, яғни депозиттен ақша алып, оны жаңа ашылған есепшотқа салу қажеттігін айтқан. Алдымен жәбірленуші хабарласқан адамдарға сенбеген, банк филиалына баратынын айтқан. Алайда, қылмыскерлер оны бұлай жасамауға көндіреді. Алаяқтардың айтқанына сенген әйел олардың нұсқауын түгел орындап, өзінің 7 миллион теңгеден астам ақшасын, алған несиесін бірнеше Qiwi-әмиян есепшоттарына аударып жіберген. Жалпы алғанда, қылмыскерлер 11 миллион 865 мың теңгені қолды қылған, бұл аса ірі көлемде келтірілген шығын болып табылады. Әйелге барлық қаражат қайтарылады деп уәде берген, алайда бұлай болмай шықты. Жәбірленуші полицияға жүгінді. Бұл факті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізуде.

«Бүгінде банктің қауіпсіздік қызметі атын жамылып, қоңыраушалу арқылы алдау схемасы - ең кең таралған тәсілдердің бірі. Бұл тәсілге көбі сене бермейді, себебі көбі кибер-қылмыскерлердің бұл амалы жайында біледі. Соған қарамастан, кейде қаскөйлер өз құрбандарына психологиялық қысым жасау арқылы арбауына түсіреде. Бұл жағдайда жәбірленуші банк филиалына барып, шоттың жағдайы жайлы сенімді ақпарат көзінен білуге шешім қабылдаса, өзін алаяқтардан қорғар еді. Кез-келген жағдайда есте сақтау маңызды: нақты банк қызметкерлері қандай жағдай болмасын, ешқашан клиенттерге қаржылық операциялар жасамайды, құпия деректерді атауды талап етпейді», - дейді СҚО Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Марат Жұмалиев.

Жалпы облыста жыл басынан бері интернет-алаяқтық фактісі бойынша 202 жағдай тіркелді. Оның 52-сі «Банктің қауіпсіздік қызметінен қоңырау шалу» схемасына негізделген.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.