Ақтөбеде 27 миллион теңгенің есірткісі тәркіленді
Қылмыстық топтың марихуана мен гашиш тасымалдаумен айналысқаны анықталды
Ақтөбе полицейлері ірі арнайы операция барысында есірткі сатушылардан 27,2 миллион теңгеге тыйым салынған заттарды тәркіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Рolisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ақтөбе облысының ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы жауынгерлерімен бірге жедел операция өткізу барысында қылмыстық топты құрықтады. Полицейлер қылмыстық топ мүшесінің Ақтөбе облысы аумағында аса ірі көлемде марихуана мен гашиш тасымалдау және сақтаумен айналысқанын анықтады.
"Ақпарат таралып кетпес үшін тінту және ұстау шарасы бірден бірнеше мекенжайда жүргізілді", -деді Ақтөбе облысының ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Нұрлан Таушанбаев.
Тәркіленген есірткінің "қара нарықтағы" құны 27,2 миллион теңге.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы ҚК-ның 296-бабы 4-бөлігі ("Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау") және 297-бабы 1-бөлігі ("Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу") бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ұсталғандардың бәрі Ақтөбе қаласында уақытша ұстау изоляторына қамалды",- деді полиция өкілдері.