Балықтың ұзындығы – 2,4 метр
Мемлекеттік тапсырысты орындау мақсатында 29 наурызда Жайық өзенінің «Кіші Дамбы» тартымында Амангелді атындағы ӨК-нің балықшылар бригадасы салмағы 150 келі, ұзындығы 2,4 метр шығатын қортпа балығының аналығын ұстады, деп хабарлады ЕГТРМ баспасөз қызметі.
Қазір аналық қортпа Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауытының тоғанына жіберілді, ол балық өсірушілердің үнемі бақылауында болады.
Қазақстанда басқа Каспий маңы мемлекеттеріндегідей бекіре тұқымдас балықтарды табиғи ортадан коммерциялық мақсатта аулауға тыйым салынады. Бекіре тұқымдас балықтарды аулау арнайы рұқсат шеңберінде мамандандырылған балық шаруашылығы ұйымының ғылыми мақсаттары үшін және өсімін молайту мақсатында екі мемлекеттік балық өсіру зауытына ғана көзделгенін айта кеткен жөн.