Өзгенің сәбиін ұрлап сатпақ болған келіншек бас бостандығынан айырылды
22 жастағы жергілікті тұрғын жеті жылға сотталған. Бұл даулы процесс жабық жағдайда қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Судья Ербол Дүйсенбаевтың айтуынша, сотталушы Жапанаваның кінәсі толық дәлелденген.
«Сот отырысында сұралған куәгерлердің, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде перинаталдық орталықтан алынған видеоайғақтың, куәлердің растауымен, полиция қызметкерлерінің анықтауымен, өзге де қылмыстық жиынтықпен толық дәлелін тапты», - дейді Ербол Дүйсенбаев.
Сотталушы кінәсін толық мойындаған. Ал жаза кесілерде әйелдің оның үш баласы бары ескеріліпті. Перзенттерінің үлкені 3-те, кенжесі – бес айлық екен.
Еске салсақ, 22 жастағы келіншек шілде айында облыстық перинаталдық орталықтан жаңа туған шақалақты ұрлап шығып, сатпақ болады. Алайда, ойлағаны жүзеге аспай, ол сәбиді перзентхана маңындағы қонақүйде асырап алушыға беріп жатқан сәтте ұсталды.
Белгілі болғаны, сотталушы бала асырап алушы ерлі-зайыптыға төрт ай бұрын бүлдіршін тауып беруге уәде еткен. Бірақ саудаланатын сәби жетім деп айтылған. Сөйтіп клиенттің осыншама уақыт ішінде 800 мың теңгесін алып қойған. Ал межелі мерзімде тығырыққа тірелген келіншек екі апта бұрын өзі босанған перезентханадан біреудің баласын ұрлап шыққан.
Осы оқиғадан кейін ісіне немқұрайлы қараған орталықтың төрт қызметкері жұмыстан босатылған еді.
Ал асырап алушылар қылмыс құрамының болмауына байланысты жауапқа тартылмады.
Жеті жыл үш айға түрмеге жабылған келіншек бұған дейін де істі болған.