$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.03.2021, 13:55
Оқиғалар

«Қарапайым ережені сақтамаған» - Алматы маңындағы әуе апатына қатысты сарапшылар пікірі

Апаттан зардап шеккендер ауыр халде жатыр 

«Қарапайым ережені сақтамаған» - Алматы маңындағы әуе апатына қатысты сарапшылар пікірі
Фотоколлаж

Сенбі күні Алматы маңындағы Талғар ауданы «Қызыл ту» елдімекенінде апатқа ұшыраған әскери ұшақтың екі экипаж мүшесі әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Татьяна Лисицкая "науқастар №4 Қалалық клиникалық ауруханасының реанимация және инстенсивтік терапия бөлімінде тұрақты ауыр жағдайда жатыр" деп мәлімдеді. Оның біреуі жасанды өкпе желдеткішке қосылған. 

«Қазір қандайда бір болжам жасауға ерте. Кеше түні шаһардағы білікті дәрігерлермен кеңес өткізілді», - деді аталған аурухананың бөлім меңгерушісі Жандос Дәулетбеков.

Қазір дәрігерлер 1987 жылы туған Артем Әшіров  пен 1996 жылы туған Бақыт Исламовтың өмірі үшін күресіп жатыр. 

ҚР ҰҚК Авиациялық қызметінің әскери мамандары Ғабит Барлықбаев, Мұхтар Сағымбаев, Досжан Баймұратов, Евгений Васильков ұшақ апаты кезінде көз жұмды. Марқұмдарды туыстары бүгін жерледі. 

Ан-26 (НАТО кодификациясы бойынша Curl — «Боран») - Антонов жобаланған ұшақ.

Ан-24 бастапқы моделінің модификациясы. Жүк люгінің үлкендігі үшін жерден және автокөлік шанағынан жүкті  және басқа да заттарды тиеуге қолайлы. Ан-26 екі турбовинтті АИ-24ВТ қозғалтқыштармен және бір қосымша реактивті РУ-19А-300 қозғалтқышымен жабдықталған. Соңғы жылдары Қытай да Y-14 ұшағын осы типте жобалап, қолданысқа енгізген. Мамандар бұл ұшақтардың Қазақстанның әуе кеңістігіне осыдан 50 жыл бұрын әкелінгенін айтады. Әскери немесе өзге де мақсаттағы жүк тасымалы үшін қолданылады. 

Мемлекеттік органдар кезекті апаттың себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылғанын мәлімдеді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, апат себептерін анықтау жұмысы басталғанын айтты. 

Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі азаматтық авиация саласындағы мамандардан Ан-26 ұшағының апатқа ұшырауына орай пікір сұраған. Ұшқыш ардагер Мақаш Әбішев ұшақтың апатына мұз қату себеп болған деп есептейді. Әуе кемесінің қанатына мұз қата бастағанда стаблизатор да мұзданып, істен шығады. Айтуынша, сол кезде ұшақ тепе-теңдікті жоғалтқан. 

«Мен алдын ала болжам жасауға болады деп ойлаймын. Бірақ нақты себебін арнайы комиссия айтады. Мұнда «клевок» болған. Ол авиация тілінде баланстың бұзылуы. Ұшақтың қанатына мұз қата бастағанда, стаблизаторда да ақау пайда болады. Яғни ол да мұздың әсерінен істен шығады. Ұшу тұрақтылығы сақталмағандықтан, әуе кемесі шайқалып, ұшуды жалғастыру мүмкін болмайды», - дейді М. Әбішев.

Ұшқыш екінші айналымға шығуға әрекет жасап көрген. Бірақ оған ауа райы мүмкіндік бермеген. Авиацияда биіктікте шешім қабылдау деген түсінік бар. Экипаждың мақсаты - жермен байланыс орнатуға тырысу. Бірақ радардан жоғалған соң, бұл да мүмкін емес. Амалсыз әуежайға оралған, одан кейінгі жағдай бәрімізге белгілі, дейді ардагер ұшқыш. 

Мақаш Әбішев Ан-26 ұшағының жалпы жағдайы, Кеңес Одағы кезіне жасалған әуе кемесінің қазіргі замандағы қолданысы туралы айтты. Оның пайымынша, ұшақты дер кезінде регламентке сай тексеруден өткізіп, ұшар алдында қарапайым ережелерді сақтаса, қауіп жоқ. Мысалы әуе кемесінің мұзданып кетпеуіне жағдай жасау - ең қарапайым ереже екенін айтады.   

«Ұшақтар ескі немесе жаңа деп бөлінбейді. Ұшақтардың регламенті бар. Мысалы 10 мың сағат ұшып келді ме? Ол регламент бойынша тексеруге тұрады. Ауыстыратынын ауыстырады, барлығын жөнге келтіреді. Ал 20 мың сағат ұшқан соң, ол күрделі жөндеуге жіберіледі. Бұл кезде оның бастапқы шыққан зауытына жөнелтілуі керек.  Кез-келген ұшақта  бір бөлшегі болса да, конструкторық бюродан рұқсат алмай ауыстырылмауы керек. Ол қатаң бақыланады. 

Ұшақты ескі дегеннен гөрі модификациясы ескі деп айтқан дұрыс. Мысалы «Москвич», «Волга» немесе «Чайка» автокөліктерін әлі күнге дейін адамдар айдап жүр. Ол өзге көліктер сияқты жылдамдықпен немесе сол жолмен қатынай алады ғой. Ендеше Кеңес өкіметі кезінде шығарылған ұшақтар да ұшуға қауқарлы. Тек уақытында тексеріп отыру керек. Мысалы ТУ-154 әлі жолаушылар тасымалдайды, қазір барлығы «Боинг» ұшақтарына көшті. Ал Кеңес авиациясын «керексіз» етіп тастады. Шын мәнінде ол ұшақтардың сапасы ешкімнен кем емес», - деп есептейді Мақаш Әбішев. 

Маман кадр мәселесіне қатысты да пікірін айтты. 

«Қазақстан соғыс жағдайына емес. Елімізде ұзақ жылдан бері бейбітшілік, ешқандай әскери қақтығыстарға араласып жатқан жоқ. Тиісінше әскери ұшақтар аз ұшады, тиісінше оны басқаратын мамандардың да тәжірибесі мен ұшу сағаты аздау болады. Сондықтан азаматтық авиациямен салыстыруға келмейді», - дейді М. Әбішев.  

БАҚ беттерінде жиі пікір білдіретін тағы бір ардагер ұшқыш Дмитрий Дүшімов өткен сенбіде орын алған ұшақ апатына қатысты болжам айтуға әлі ерте дейді. Ол қорытындыны комиссия айтуы тиіс деп санайды. 

«Қазір комиссияның қорытындысын күтуден басқа амал жоқ. Мәселе ұшақтың ескі немесе жаңасында емес, мәселе техникалық жағдайында. Егер оның техникалық әлеуеті жақсы болса, құламаса керек еді. Құжаттары дұрыс болса, ұша береді. Демек адами фактор себеп болуы мүмкін. Негізі мені алаңдататыны – кадр саясаты. 

Бізде мамандар тапшылығы деген мәселе жоқ. Ақтөбе ұшқыштар училищесі дайындап жатыр. Алматыдағы Азаматтық авиация академиясы да кадрларды шығарып жатыр. Бірақ оларға жұмыс жоқ. Мәселе осында. Дайындап шығарған академия түлектерінің  ары кетсе 60 пайызы ғана жұмысқа орналасады. Бұл мәселені шешу үшін жүйелі құрылым керек, авиацияны дамыту керек. Кеңес уақытында әр облыста квотамен мынандай маман керек деген жоспар болатын және ол сапалы орындалатын еді. Қазір жүйе өзгерді. Бала оқиды, бірақ ол тәжірибе жинай алмай қиналады. Ары-бері сандалып жүреді. Жалпы отандық авиацияда айтатын мәселе көп, оны тыңдайтын құлақ жоқ», - дейді Дмитрий Дүшімов.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы 

Серіктес жаңалықтары