Павлодарда ешқашан жүргізу куәлігін алмаған мас жүргізуші ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Жыл басынан бері өңірде 141 мас жүргізуші анықталған

Фото: ашық дереккөзден

Павлодарда 8 Наурыз мерекесі қарсаңында мас күйінде көлік жүргізген 5 жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

«Іс-шараларға жол-көлік оқиғалары шоғырланған жерлерде қызмет атқарған, мас жүргізушілерді анықтаған, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудың жолын кескен облыстық патрульдік полиция бөлімшелерінің қызметкерлері қатысты. Нәтижесінде жол қозғалысы ережесін бұзудың 529 фактісі анықталды, оның ішінде 5 жүргізуші мас күйінде ұсталды. Әртүрлі заң бұзушылықтар үшін арнайы айыппұл тұрағына 20 автокөлік орналастырылды», - деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Павлодар қаласын патрульдеу кезінде полицейлер қала тұрғыны басқарған «Ауди 80» маркалы автокөлігін тоқтатты. Құжаттарды тексеру және сөйлесу кезінде жүргізушіден алкогольдің иісі сезілді. Тексеру нәтижелері полицейдің болжамын растады. Ер адам көлікті мас күйінде басқарған. 

Деректер базасын тексеру барысында жүргізуші ешқашан жүргізуші куәлігін алмағаны анықталды. Ер адамға қатысты әкімшілік іс қозғалды және ҚР ӘҚБтК 608 бабы, 6-бөлігі бойынша сотқа жолданды.  

Басқа жағдайда, Екібастұз қаласында полицейлер «Ауди С4» автокөлігін тоқтатты, оның жүргізушісі де автокөлікті мас күйінде басқарған. Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608 бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды, материал сотқа жіберілді. Екі жағдайда да автокөлік айып тұрағына орналастырылды. 

Жыл басынан бері өңірде мас күйінде көлік жүргізген 141 жүргізуші анықталған.