Түркістан облысында балықты заңсыз аулаған браконьерлер ұсталды
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде
Түркістан облысының полицейлері балықты заңсыз аулаған браконьерлерді ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Шардара АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті полиция қызметінің табиғатты қорғау полициясының инспекторлары Бекмұхамбет Тенгебаев және Құрманғазы Абдикаликов Шардара су қоймасынан браконьерлер ұсталғаны жөнінде хабарлама жасады.
Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобының қызметкерлері екі браконьердің су қоймасына балық аулайтын ау торымен заңсыз балық аулап жатқандарын анықтады. Айғақты заттар тәркіленді. Сондай-ақ күдікті азаматтар Шардара қаласының тұрғындары болып шықты.
Полиция қызметкерлері күдіктілерді істің барлық мән-жайын анықтау үшін аудандық полиция бөліміне жеткізді. Браконьерлерден 120 келіге жуық балық пен балық аулау құралдары тәркіленді.
Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК-нің 335-бабы 3-бөлігі (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.