$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
04.03.2021, 03:45
Оқиғалар

Төрт оқушыны қаққан: Тоқаев жол апатын тергеуді өз бақылауына алды

Бұл жайында Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли айтты

Төрт оқушыны қаққан: Тоқаев жол апатын тергеуді өз бақылауына алды

Алматы облысында мас көлік жүргізуші 4 оқушыны қағып кетті. Әртүрлі дене жарақатын алған үш бала ауруханаға жатқызылған.

Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпарат бойынша, оқиға 2 наурызда сағат 18:40-та Еңбекшіқазақ ауданында болған. Арзиев көшесімен солтүстік бағытта келе жатқан «Уаз» автокөлігінің жүргізушісі жол жиегінде тұрған 8 және 9 жастағы төрт оқушы қызды қағып кетті. Полиция өкілдері көлікті басқарған Корам ауылының 54 жастағы тұрғынын ұстаған. Сондай-ақ оның көлікті мас күйде жүргізгенін анықтаған.

Осы жағдайға қатысты ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли пікір білдіріп, Мемлекет басшысының жол-көлік оқиғасына қатысты тергеу жұмыстарын өз бақылауына алғанын хабарлады.

«Президент Алматы облысында мас жүргізушінің төрт оқушы қызды қағып кеткен жол-көлік оқиғасына қатысты тергеу жұмыстарын өз бақылауына алды. Екі қыз ауыр халде ауруханада жатыр. Мемлекет басшысы көлік жүргізушісін заңға сәйкес жауапқа тарту үшін аталған оқиғаны жан-жақты тексеру жөнінде тапсырма берді. Зардап шеккен қыздар мен олардың ата-аналарына тиісті көмек көрсетіледі», - деп жазды ол.

Еске сала кетейік, 3 наурызда Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің өкілі Ләйлім Әубәкірова зардап шеккен оқушылардың қазіргі жағдайын айтты. Оның айтуынша, көлік қаққан екі оқушының жағдайы өте ауыр. 2012 жылғы балалар ес-түссіз ауруханада жатыр. Олар арнайы аппарат көмегімен демалып жатыр. Бас-ми жарақатын алған. Жамбас сүйектері сынған. Ал үшінші қыздың (2011 жылғы) жағдайы тұрақты. Аяғы сынған.

Серіктес жаңалықтары