65 жастағы күдікті мен марқұм болған азамат ескі таныстар екен
Екібастұзда өз замандасын атып өлтірген зейнеткердің қанды қылмысқа не үшін барғаны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, 65 жастағы күдікті мен марқұмның бұрыннан бас араздығы бар екен.
«Ауыр қылмыс жасады деген күдікті, 65 жастағы зейнеткер мен марқұм ескі таныстар болып шықты. Олардың арасында бұрыннан келіспеушілік болып, бір-бірін өлердей жеккөрген. Күдіктінің қылмысқа баруына да сол бітпес дау себеп болған», - деді Павлодар облыстық ПД бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Бірақ екеуінің не үшін жанжалдасып жүргенін полицейлер ашып айтпады. Белгілісі, олар жиі ерегесетін болған. Ал оның соңы кек алумен аяқталған.
Қайғылы жағдай үш күн бұрын Екібастұз қаласында болған. Бастан аяқ қара киінген күдікті қоқыс тастап қайтып келе жатқан танысын шолақ мылтықпен екі рет атып өлтірген. Жұртың көзінше адам өлтірген азамат оқиға орнынан із суытқанымен, бір тәуліке жетпей қолға түсті. Оның қылмыс жасаған қаруы да тәркіленген. Қазір ол тергеу қапасында отыр.