Сәтпаевта ішімдікке салынған отбасының 3 жасар қызы қайтыс болды
Қайғылы оқиға ішімдікке салынған, әлеуметтік әлсіз топқа жататын азаматтар тұратын пәтерде болған
Қарағанды облысы Сәтпаев қаласында қайтыс болған үш жасар Злата жер қойнына тапсырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Nur.kz басылымына сітеме жасап.
Қайғылы оқиға ішімдікке салынған, әлеуметтік әлсіз топқа жататын азаматтар тұратын пәтерде болған.
Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының Жедел жәрдем қызметі мәлім еткендей, қаладағы көпқабатты үйлердің бірінің пәтерінен шақырту түскен.
«Балаға жедел жәрдем шақыртылғанын растаймыз. Алайда, бірнеше жерінен пышақ жарақатын алған қызды құтқарып қала алмадық», – деп хабарлады жедел жәрдем қызметі.
Көршілерінің айтуынша, қайғылы оқиға болған күні үйде тағы алкогольді ішімдік ішілген.
«Төбелес, айқай-шу болған жоқ. Көңіл көтеріп отырғандары естілді. Бірақ балаға зияндарын тигізеді деп ойлаған жоқпын», – дейді көрші пәтерде тұратын Наталья Синицина.
Қала әкімдігінің өкілдері қаза болған қыздың ата-анасына қажетті қаржылай көмек көрсетіп, жерлеу рәсімін ұйымдастыруға жәрдем жасағандарын жеткізді. Сондай-ақ, қыздың ата-анасына моральдық көмек көрсету үшін психологтар тартылған.
Құқық қорғау органдары әзірге оқиғаға қатысты қандай да бір пікір білдіруден бас тартып, тергеу басталғанын жеткізді. Олар сотқа дейінгі тергеу амалдарының құпиялығына сүйеніп, өзге мәліметтердің берілмейтінін алға тартты.