$ 518.57  566.59  6.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
23.02.2021, 01:12
Оқиғалар

СҚО-да жол апатынан бір адам көз жұмып, төртеуі ауруханаға жеткізілді

Үш жолаушы, соның ішінде 6 жасар бала да түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді

СҚО-да жол апатынан бір адам көз жұмып, төртеуі ауруханаға жеткізілді
Фото: ашық дереккөзден

Солтүстік Қазақстан облысында екі көлік соқтығысып, 45 жастағы ер адам көз жұмды. Апат салдарынан 4 жолаушы түрлі дене жарақатын алған. Жапа шегушілердің қатарында 6 жасар бала да бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жол-көлік оқиғасы Жезқазған – Петропавл автожолының 830 шақырымында тіркелді. Шал ақын ауданына қарасты Николаевка ауылының тұсындағы бұрылысқа бес шақырым қалғанда «ВАЗ-21150» автокөлігі қарсы бетте жүріп келе жатқан «Toyota Land Cruiser 200» көлігімен соқтығысқан.

Ресейлік машинаны тізгіндеген жүргізуші оқиға орнында көз жұмды. Марқұмның Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласының тұрғыны екені анықталды.

Екіншісі, «Toyota» көлігінің жүргізушісі Петропавл қаласының тұрғыны. Жасы – 30-да. Ол «ВАЗ-21150» жүргізушісі алда келе жатқан жүк көлігін басып озбақ болғанын айтқан.

Шетелдік көліктегі жолаушыға медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілді.
Үш жолаушы, соның ішінде 6 жасар бала да түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Оларға тиісті медициналық көмек көрсетілуде.

Аталмыш факт «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. 

«Қазір аталған оқиғаға байланысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қыста жолда аса мұқият болу қажеттігін көлік жүргізушілерінің есіне тағы бір саламыз. Жүк көліктерінің соңынан ұшқан қар алдағы көліктерді көруге кедергі жасайды. Сондықтан сақтық шараларын ұмытпаған жөн», - дейді Есіл аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Сәкен Рахметов.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары