Баспананы жергілікті кәсіпкерлер сатып әперген
Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласындағы қайғылы оқиғадан кейін жергілікті билік бес баласынан айырылып қалған отбасына көмек көрсетуін жалғастырып жатыр. Бүгін демеушілер есебінен оларға 3 бөлмелі пәтер берілді, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Жаңатас қаласындағы өрт салдарынан марқұм болған балалардың ата-анасына Жамбыл облысының әкімдігі тарапынан жан-жақты материалдық, психологиялық, дәрігерлік қолдау көрсету шаралары қолға алынған. Мәселен, жерлеу рәсімін ұйымдастыруды жергілікті атқарушы органдар өз мойнына алды», - делінген аталған хабарламада.
3 бөлмелі пәтер Жаңатас қаласынан сатып алынды. Сарысу ауданының кәсіпкерлері баспанаға қажетті жиһаз бен техника алып берді. Сондай-ақ, қоғамдық ұйымдар, демеушілер 3 млн теңгеден астам қаржы жинап, материалдық көмек көрсеткен.
Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметкерлер бір күндік жалақысын көмек ретінде жолдайтын болды.