Нұр-Сұлтанда мешіт құрылысындағы металл конструкция құлап кетті
Оқыс оқиғадан қаза болғандар мен зардап шеккендер тіркелген жоқ
Елордада бас мешіттің құрылысы жүргізіліп жатқан нысанда монтаждалған металл конструкция құлап кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға 19 ақпан күні болған. Қаладағы жаңа мешіт құрылысының аумағында металл конструкциядан жасалған «ферма» құлап кеткен.
«Монтажшылар конструкцияны дәнекерлеуге алып, кранды шешіп, толық дәнекерлеу жұмыстарын жүргізбек болған, алайда конструкция құлап кеткен. Құрылысшылар оқиға кезінде түскі үзілісте болған», - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта «Сембол құрылыс» бас мердігері оқиғаны тексеру жөніндегі комиссия құрды. Оқыс оқиғадан қаза болғандар мен зардап шеккендер тіркелген жоқ.
Шақыру орнына өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің қызметкерлері жетті.