Алматыда Delta Bank-тің бұрынғы топ-менеджерлері ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр

 

Фото: ашық дереккөзден

Алматыда Delta Bank-тің бұрынғы топ-менеджерлері ұсталды. Бұл туралы ақпарат бастапқыда әлеуметтік желілерде таралғанымен, кейінірек оны Қаржылық мониторинг агенттігі растады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақпаратта Delta Bank директорлар кеңесінің төрағасы Галина Шалғымбаева, сондай-ақ, басқарма төрағасы Нұрлан Самзаев мен басқарма мүшесі Кенжегүл Қанатбаева ұсталғаны айтылды.  

«Иә, аталған азаматтардың ұсталғанын растаймыз. Тергеу мүддесіне сәйкес осы іске қатысты өзге ақпараттар жарияланбайды», - деді Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі.

Ведомство өкілдері сонымен қатар, қазіргі уақытта істі ҚМА қызметкерлері қарап жатқанын атап өтті.

Айта кетсек, Delta Bank өз жұмысын 2018 жылы тоқтатқан болатын. Қазақстан депозиттерді кепілдендіру қоры «Delta Bank» АҚ салымшыларына төлем төлеу уақытын 2021 жылдың 23 мамырына дейін созған еді. «ЦентрКредитБанкі» АҚ тиісті келісімшартқа қол қойды. Көрсетілген мерзім ішінде «Delta Bank» АҚ салымшылары агент банкке жүгініп, кепілдік берілген өтемді төлеу жөніндегі өтінішті тікелей немесе сенім білдірілген тұлға арқылы ұсына алады.