Бес баланың өлімі: Жаңатастағы өрттің алдын ала себебі айтылды
Арнайы комиссия өкілдері өрттен зардап шеккен 60 жастағы әйел туралы қауесетті жоққа шығарды
Алдын ала мәліметтер бойынша, Жаңатастағы тұрғын үйдегі пәтердегі өрт оқиғасы тез тұтанғыш материалдың бетіне ашық от көзінің түсуі салдарынан туындаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Өрт фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 3-бөлігі (өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сот-сараптама орталығы мамандарының алдын ала мәліметтері бойынша, өлім улы газдан уланудан, ал өрттің ашық от көзі тұтанғыш материалдың, яғни төсек-орын жабындарының бетіне тигенінен болған. Өрттің қорытынды себептері барлық қажетті сараптамалардың нәтижелері бойынша жарияланатын болады», - деді Жамбыл облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бақыт Ратаев.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз брифингінде сондай-ақ, Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ермек Момбаев өрт-техникалық зертханасының алдын ала зерттеу мәліметтерін жариялады.
Өз кезегінде ТЖ департаментінің бастығы Ермек Момбаев өрт-техникалық зертхананы зерттеудің алдын ала деректерін жариялады.
«Өрт бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы үш бөлмелі пәтерде болды. От балалар бөлмесінде тұтанған. Жалын 16 шаршы метр аумақты қамтыды. Жылжымалы өрт-техникалық зертханасы зерттеу жүргізу кезінде оқиға орнында жанған сымдар мен электр жабдықтары, пеш немесе басқа да қосымша жылыту құралдары табылмады, үй орталық жылытуға қосылған», - деп атап өтті ТЖД басшысы.
Арнайы комиссияның төрағасы, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек зардап шеккен отбасына барлық қажетті көмек көрсетілетінін атап өтті.
«Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін облыс әкімінің өкімімен комиссия құрылды, оның құрамына жергілікті атқарушы органдардың, прокуратураның, Полиция департаментінің, ТЖ департаментінің және басқа да жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері енді. Кешелі бері комиссия мүшелері қайғылы оқиға орнына барып, жұмыс жүргізуде. Біздің тарапымыздан барлық қажетті көмек көрсетіледі, соның ішінде психологиялық көмекті және жерлеу рәсімін ұйымдастыруға қол ұшын береміз», - деп Ұлан Жазылбек зардап шеккен отбасына көңіл айтты.
Оның айтуынша, отбасы толыққанды, отағасы мекемеде жұмыс істейді, анасы декреттік демалыста (мектепте мұғалім).
Сондай-ақ, ол әлеуметтік желілерде өрттен зардап шеккен 60 жастағы әйел туралы қауесеттерді жоққа шығарды.
«Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Басқа зардап шеккендер жоқ», - деп атап өтті Ұ. Жазылбек.