54 адам сот алдында жауап берді, басты сот отырысы 1 наурызда өтеді
Қарағанды облысының кәмелет жасына толмағандар ісі бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының үйлестіруші соты Елена Баткульдина 2020 жылдың 23 шілдесінде болған Сәтбаев қаласындағы жаппай тәртіпсіздік бойынша 54 адам сот алдында жауап бергенін хабарлады.
«Іс бізде қаралды. Кеше алдын ала тыңдау өтті. Басты сот отырысы 1 наурызға белгіленді. 54 сотталушы бар. Оның ішінде бастапқыда кәмелет жасына толмаған үш бозбала болды. Бірақ оның біреу өткен жылдың желтоқсанында 18 жасқа толды», - деді Елена Баткульдина.
Үйлестіруші соттың айтуынша, тағы екі адамға іздеу жарияланған.
Еске сала кетейік, 2020 жылы 24 шілдеге қараған түні Сәтпаев қаласында бір топ азамат бұзақылық жасады. Тас-таяқпен қаруланған жастар тобы бес жасар қызды зорлады деген күдікпен ұсталған адамды өз бетінше жазалауға ұмтылып, полиция ғимаратына кіруге әрекеттенген.
2020 жылдың 6 қазанында Қарағанды қаласының тергеу изоляторында күдіктінің өлі денесі табылды. Ол өз-өзіне қол салған.