Каспий теңізіндегі итбалықтарға қауіп төніп тұр

Автор: Azattyq Rýhy

Мұзжарғыш кемелердің кесірінен итбалық күшіктері аналарынан ажырап қалып жатыр

Каспий теңізінің итбалығына қауіп төніп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін әлеуметтік желіде тараған бейнежазба табиғат қорғаушыларының наразылығын тудырды. «Гидробиология және экология институты» мекемесі батыс секторының жетекшісі Тимур Баймұқанов: «Теңіз маржанының көбеюіне мұзжарғыш кемелер зиян келтіріп жатыр», - деп дабыл қақты. Желіде желдей ескен бейнежазбада итбалық күшіктерінің жан-жаққа бытырай қашқанын анық көруге болады.

Қаңтар айының екінші жартысынан қыс аяғына дейін итбалықтар көбейеді. Өздігінен қоректене алмайтындықтан, осы кезде оларға аса қомқорлық қажет. Ал мұзжарғыш кемелердің кесірінен итбалық күшіктері аналарынан ажырап қалып жатады. Олардың көбейетін уақытында теңіз көліктері итбалық жатағын айналып өтуі керек.

«Қысқы кеме қатынасы Каспий итбалықтарының азаюына әкеліп соғатын бірден-бір фактор. Мұзжарғыш кемелердің ережені сақтамауы бейнежазбада анық көрінеді. Олар итбалықтардың жатағынан алыс жүруі керек. «Гидробиология және экология институты» Каспий теңізінде кеме қатынасын ретке келтіру үшін Геология және табиғи ресурстар министрлігіне ұсыныстар әзірледі. Итбалықтардың жойылып кетуіне жол бермеу үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет», - деді «Гидробиология және экология институты» мекемесі батыс секторының жетекшісі Тимур Баймұқанов.