Екібастұздық келіншектің бір жасар қызын азаматтық некедегі күйеуі ұрлап кеткен
Баланы ұрлаған ер адамға қатысты әкімшілік іс қозғалды
Екібастұздық келіншектің бір жасар қызын азаматтық некедегі күйеуі тартып алып, баланы жасырын жерде ұстаған. Бұл туралы Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімделді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
28 қаңтар күні Екібастұз полиция бөлімшесіне жергілікті тұрғыннан қоңырау түскен. Оның айтуынша, түн ортасында отбасында жанжал туындап, артынша күйеуі оған қол көтерген. Үйден кетер кезінде ер адам нәрестені алып, белгісіз жерге қашып кеткен.
«Азаматтың тұрғылықты жеріне келген полицейлер ол жақтан баланы таппады. Алайда ер адамның сәбиді өз туыстарына беріп жібергені белгілі болды. Бірақ ол мекен-жайды айтудан бас тартты. Полиция бірден баланы іздестіру шараларына кірісті. Ер адамның барлық туыстық байланыстары анықталып, жергілікті бөлімшелерге іздестіру шарасы бойынша хабарламалар жіберілді», - деді баспасөз қызметі.
Бір жасар қызды іздестіру жұмысына ювеналды полиция мен еріктілерде де жұмылдырылған. Ал шағым білдірген келіншектің азаматтық некедегі күйеуіне қатысты әкімшілік іс қозғалды.
«Екібастұз қаласының учаскелік полиция инспекторы шағымданушының азаматтық жолдасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 73-1-бабы 1-1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғады, материал сотта қаралды. Сот ер адамды денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін кінәлі деп танып, оны 5 тәулікке әкімшілік қамауға алды», - деді Павлодар облысы полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
4 ақпан күні сағат 23.00 шамасында Екібастұз қаласының ювеналды полиция қызметкері Айнұр Ахметова баланың қай жерде екенін анықтаған. Көп ұзамай тәртіп сақшылары сәбиді анасына қайтарды.