Таразда тұрғынның телефонын көшеде тартып алған күдікті ұсталды
Ол 55 жастағы азаматты пышақ тәрізді затпен қорқытқан
Тараздық полицейлер қарақшылық жасаған күдіктіні ізін суытпай ұстады. Бұл туралы Жамбыл облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Полицияға облыс орталығының 55 жастағы тұрғыны пышақ тәрізді затпен қорқытып, құны 61 000 теңге тұратын «Redmi 8» маркалы ұялы телефонын ашық түрде ұрлап кеткен бұзақыны ұстау туралы өтінішпен жүгінді», - делінген ПД хабарламасында.
Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Тараз қаласы Полиция басқармасының 1-полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері 43 жастағы жергілікті тұрғынды анықтап, ұстады.
Ұсталған азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 192-бабы 1-бөлігі (Қарақшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Ер адам өз кінәсін толық мойындады, ол Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.
Ұялы телефон заңды иесіне қайтарылды.