Оралда жоғалып кеткен жеті жасар бала табылды
Бала бір сағаттай уақыт өткен соң табылды

Орал қаласында жоғалып кеткен жеті жасар бала табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Оқиға 24 қаңтар күні Ескі әуежай ауданында болды. Жеті жасар бала шамамен сағат 14.00-де үйінен шығып кеткеннен оралмаған. Үлкен ұлы кішкентайынан өзі дербес жүріп үйренгендіктен, анасы басында мазаланбаған. Тек кеш түсіп, баласы келмегеннен кейін сағат 19.23-те полицияға шағымданған. Өзінің іздеуге мүмкіндігі болмаған. Өйткені ері ұзақ уақыт бойы вахталық әдіспен жұмыс істейтіндіктен, 32 жастағы әйел үш баласына көбіне өзі бас-көз болып келеді», - деп жазылған
Полиция бір сағаттай уақыт өткен соң жоғалған баланың қайда жүргенін анықтады. Бұл отбасы Ескі әуежай ауданында жеке үй жалдағанына көп болмаған. Сондықтан көршілерімен танысып үлгермеген. Ал ұлдары олардың балаларымен араласып жүргендіктен, сол себепті ата-аналары жоқ кезде үйлеріне шақырған. Бала көршілердің үйінде күні бойы ойнаған.