Өскеменде жасөспірімдер үйінен 17 жастағы бала қашып кеткен

Автор: Azattyq Rýhy

Ол 5 күннен кейін анасының жанынан табылды

Өскеменде жасөспірімдерді бейімдеу орталығынан қашып кеткен баланы полицейлер тауып, орталыққа қайтарды. Ол 13 қаңтар күні таңертең ғимараттан шығып кетіп, қайта оралмаған деп хабарлайды ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

17 жастағы баланы іздеу барысында полиция қызметкерлері оның туған-туысқаны, достары мен таныстарының мекен-жайларын тексерді. 18 қаңтарда таңғы сағат бестер шамасында жоғалған бала өзінің анасының үйінен табылды. Оның әкесі қайтыс болған, анасы ата-ана құқығынан айрылғандықтан, бала жасөспірімдер үйіне өткізілген.

«Қазіргі уақытта полиция қызметкерлерімен ер бала «Жасөспірімдер үйі» КММ заңды өкіліне тапсырылды. Олардың айтуынша, бұл оның алғаш рет мекемеден кетіп қалуы емес. Мұндай фактілердің алдын алу мақсатында ювеналды полиция қызметкерлері заңды өкілмен және жасөспіріммен кезекті профилактикалық сұхбат жүргізді», - делінген аталған хабарламада.