Samsung компаниясының вице-президенті 2,5 жылға сотталды
Компания акциялары сот шешімінен кейін 4 пайызға төмендеді

Samsung компаниясының вице-президенті және мұрагері Ли Чжэ Ен жемқорлық әрекеті үшін 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі KBS World Radio-ға сілтеме жасап.
Сеулдің Жоғарғы Соты Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Пак Кын Хе қызметінен алынған жанжалға байланысты 8,6 миллиард вон (шамамен 3,2 миллиард теңге) сомасындағы қылмыстық табыстарды парақорлық пен жымқыру, ысырап ету және жасыру ісі бойынша Лиді кінәлі деп тапты.
Сеулдің орталық аудандық сотының үкімінде «Samsung вице-президенті пара беріп, президенттен өзінің ықпалын арттыруға және Samsung Group-ты бақылауында ұстауға ықпалды болу үшін көмек сұрады» деп жазылған.
Samsung Electronics акциялары сот шешімінен кейін 4 пайызға төмендеді, Samsung C&T, Samsung Life Insurance және Samsung SDI сияқты еншілес компаниялардың акциялары да арзандады.
Естеріңізге сала кетейік, Ли алғаш рет 2017 жылы парақорлық үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды, бірақ ол бір жылдан кейін апелляциялық соттың шешімімен босатылды. 2019 жылдың тамызында Жоғарғы сот шешімнің күшін жойып, істі одан әрі қарау үшін қайта бастады. Прокуратура бастапқыда Ли Чжэ Енге 9 жылға бас бостандығынан айыруды талап етті.