Атырау облысында мобильдік топтар 28 заңбұзушылықты анықтады

Автор: Azattyq Rýhy

Өңірде он күнде 3 мыңнан астам нысан тексерілді

2021 жылдың 1-10 қаңтар аралығында мобильдік топтар 903 рейдтер жүргізіп, 3 769 нысанды тексеріп шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Рейдтік іс-шаралар барысында санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды және карантиндік шектеулерді сақталмауы бойынша 28 заңбұзушылық анықталды.

«Мәселен, Қызылқоға ауданында жаппай отбасылық іс-шараларды өткізуге тыйым салынғанына қарамастан, осы уақыт аралығында 2 үйлену тойы өткізілген. Сондай-ақ, Атырау қаласында Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес қызметіне тыйым салынған «Регионбет» лото клубы келушілерді жасырын қабылдағаны анықталды. Сонымен қатар, Жылыой ауданы Теңіз вахталық қалашығында бетперде режимін сақтамаудың 2 фактісі және бекітілген жұмыс режимін бұзудың 1 фактісі тіркелді. 22 материал қаралу үстінде», - делінген COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК хабарламасында.

Қазіргі таңда, мобильді топтар мен жергілікті Полиция департаментінен түскен материалдар бойынша ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес жалпы сомасы 547 975 теңге көлемінде 6 айыппұл салынды.