TikTok-ты бағындырған шопан бала карантин талаптарын бұзған жоқ

Карантин талаптарын ескермеді деп есептеген тәртіп сақшылары жасөспірімді оқиға орнында ұстаған

TikTok-тағы танымал шопан баланың әрекеті полицияның назарына ілікті. Бұл туралы Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

9 қаңтар күні 15 жастағы қазақстандық танымал блогер Әбдіқадір Наурызбек Талдықорған қаласындағы кафелердің бірінде жанкүйерлерімен жүздесу ұйымдастырған. Кездесуге шамамен 200-ге жуық адам жиналған. Карантин талаптарын ескермеді деп есептеген тәртіп сақшылары жасөспірімді оқиға орнында ұстаған. Блогерден бөлек, құқық қорғау қызметкерлері кафе иесіне де ескерту жасаған.

«Блогерге қатысты материалдар Жамбыл облыстық Полиция департаментінің ювеналды полиция қызметкерлеріне жіберілетін болады. Сонымен қатар, мекеме иелеріне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды», - деп жазылған хабарламада.

Azattyq Rýhy тілшісі жамбылдық блогердің ағасымен байланысып, оқиғаның мән-жайын сұрады. Мырзабек Чубакбаевтың айтуынша, полицияға бейтаныс тұлға қоңырау шалып,  Әбдіқадырдың жанкүйерлерімен кездесу ұйымдастырғаны жөнінде хабар таратқан. Артынша оқиға орнына тәртіп сақшылары келген екен.

«Полицияның ұстағаны рас. Бірақ ол жерде ешқандай карантин талаптары бұзылған жоқ. Оны санитарлық дәрігер де растады. Өйткені кездесу далада болды. Ол кафеге Әбдіқадыр тамақтануға барған. Артынша жанкүйерлері сол жерге келді. Полиция бөлімшесіне барған кезде біз түсініктеме жазып бердік. Бірақ ешқандай айыппұл төлегеніміз жоқ», - деді Әбдіқадыр Наурызбектің ағасы.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

 
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.