Аяғың сынса да секір! – автобус жүргізушісінің әйелі Шамалғандағы көлік апаты жайлы

Автор: Azattyq Rýhy

Шамалған стансасында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан қайтыс болған автобус жүргізушісінің әйелі оқиғаның қалай болғаны туралы айтып берді

«Алматы-Қостанай» бағытындағы пойыз бен автобустың соқтығысуынан қаза тапқан жүргізуші Нұрғали Сорокубаның әйелі оқиғаның қалай болғаны туралы айтып берді. Көз алдында күйеуінен айырылып, қайғыдан қан жұтқан Ләйла Жарылғасова бұл жайтқа диспетчердің де кінәсы бар дейді. Айтуынша, бағдаршамның қызыл түсі жанса да, диспетчер кептеліс болмасын деп әдетте шлагбаумды ашып қоятын болған. Бұл жолы да әдеттегі жағдай қайталанған. Алайда, пойыз жақындап қалғандықтан кондуктор мен жүргізуші жолаушыларды шұғыл түсіре бастаған.

Естеріңізге сала кетсек, «Алматы-Қостанай» бағытындағы пойыз бен автобустың соқтығысуынан қайтыс болған жүргізуші Нұрғали Сорокуба мен әйелі Ләйла Жарылғасова «Қаскелең автобус паркі»  ЖШС-да соңғы бір жылдан бері бірге жұмыс істеп келген. Күйеуі жүргізуші, ал өзі кондуктор болып.

«Біз ол жерде бір жылдан аса жұмыс істедік. Диспетчер кептеліс болмасын деп қызыл түс жанса да шлагбаумды ашып қояды. Он минутқа дейін жанып тұра береді.  Олар автобустың  келгенін,  симайтынын,  шығып кете алмайтынын білді ғой. Онда неге шлагбаумды ашты? Адамдарды шығарып үлгердік. Бір апаны қолынан жетектеп апарғанша пойыз да келіп қалды. Сол сәтте күйеуіме «Секіріп кетші!» деп айғайладым. «Аяғың сынсада секіріп кетші» дедім тағы да. Үлгермеді ғой, жаным, алтыным», - деді Ләйла Жарылғасова.

Төрт баламен жесір қалған келіншектің айтуынша балаларының үлкені 17 жаста, кішісі 3 жаста. Үлкені  биыл оқуға түскен. 

«Төрт баламыз бар, үлкеніміз биыл институтқа түсті. Келесі жылы бір баламыздың сүндет тойы деп отыр едік. Бүгін тағы бір баламыздың туған күніне папасы осындай «сыйлық»  жасап кетті», - деді жолдасын ақтық сапарға шығарып салған  Ләйла Жарылғасова.  

«Қаскелең автобус паркі»  ЖШС директорының орынбасары Асанбек Садырқұлов  марқұмның  отбасына материалдық көмек көрсеткенін айтты. Шамалған-Ақсеңгір өткеліндегі апаттан қайтыс болған автобус жүргізушісін Қошмамбет ауылында  жерлеуге ондаған адам жиналды.  Жаназаға қатысқан  халық бұған дейінде талай рет айтылған көпір мәселесіне құлақ аспаған жергілікті билікке реніштерін білдірді

«Ол барлығын автобустан шығарып, өзі соңына дейін тұрған. Оның орнында басқа біреу болса өз жанын ойлап, тастап қашып кетер еді. Қазір бәрі жүргізушіні кінәлап жатыр. Кінәламасын. Балық басынан шіриді, бәрі жоғары жақтың кінәсі. Қанша жылдан бері айтылып келе жатыр, ол жерде көпір салыну керек болған. Бұл осы өткелде болған бірінші өлім емес.  Нұрғали осында туып өскен азамат, адал жігіт болатын. Бүгін міне жазанасын шығарып жатырмыз, жатқан жері жайлы болсын» деді  марқұмның көршісі  Манарбек Ерғараев.

15 қыркүйекте Шамалған стансасында болған жол-көлік оқиғасынан 9 адам зардап шегіп, оқиға орнында автобус жүргізушінің қаза тапқаны туралы ақпарат берген едік. Бүгін сол автобус жүргізушісі Нұрғали Сорокубаның Қошмамбет ауылында жаназасы шығарылып, оны жақындары ақтық сапарға шығарып салды. 

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы