Түркістанда карантин талаптарын бұзғандар анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Рейд жұмыстары барысында мобильдік топ өкілдері 80 құқықбұзушылықты анықтады

 

Түркістан қаласының полицейлері бір айдың ішінде карантин талаптарын бұзудың 80 жайтын анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы Полиция департаментінің жеке құрамы карантинге байланысты күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Яғни қала, аудан аумағында күндізгі және түнгі рейдтік жұмыстар, оның ішінде адам көп жиналатын басқосулар, той-жиындар, іс-шараларды өткізуге тыйым салу мен қауіпсіздік шараларын қадағалау жұмыстары жүргізілуде. 

Осындай кезекті рейд жұмыстары барысында Түркістан ҚПБ-ның қызметкерлері мобильдік топпен бірге өткен жылдың желтоқсан айында ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша 80 құқықбұзушылықты анықтады.

«Мәселен, Түркістан қаласының тұрғыны мейрамханалардың бірінде 30 адамды шақырып, ұжымдық іс-шара өткізген. Аталған жайтқа сәйкес полицейлер мейрамхана меңгерушісі мен той иесіне қатысты заң аясында шара қабылдады», - делінген хабарламада.

Сондықтан Түркістан облысының полицейлері карантин режимі кезінде бекітілген талаптарды орындамай, тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіретін азаматтарға заң аясында жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.