Балықшылар төтенше жағдай қызметкерлеріне алғысын айтты
Балқаш көлінен балық ауламақ болған балықшылардың көлігі көлге кетті. Олардың «УАЗ» маркалы машинасы мұздың астына түсіп кеткен. Алматы облыстық ТЖД хабарлауынша, балықшылардың өздері аязды күні далада қалған.
Мұз қатқан көлдің үстімен 5 шақырымдай жүрген соң көліктің алдыңғы бөлігі жарықшаққа түсіп кеткен. Ұялы байланыс ұстамағандықтан, 1989 жылы туған балықшылардың бірі көмек шақыру үшін жаяу кеткен. Ал оның серіктесі түнімен далада қалған. От жағып аман қалған балықшыны құтқарушылар тауып алды.
«Көмек туралы қоңырау 29 желтоқсан күні сағат 09:22-де түскен. Сарқан ауданының құтқарушылары көмекке шақырған балықшымен бірге келген кезде көлде қалған, 1979 жылы туған екінші балықшы жоқ болып шықты. Үш сағатқа жалғасқан іздеуден соң 41 жастағы ер адам иен даладан табылды», - деп хабарлады Алматы облысы ТЖ департаментінің баспасөз қызметі.