Ақтөбе облысында кен орнындағы жарылыстан 4 жұмысшы қаза тапты
Жарылыстан зардап шеккен тағы бір жұмысшы ауруханаға жеткізілді
Қайғылы оқиға «Весенняя Аралчинская» шахтасында болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
30 желтоқсан күні сағат 21.21-де Хромтау аудандық өрт сөндіру бөлімінің пультіне Көктау кентінен 30 шақырым жерде орналасқан «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС-нің «Весенняя Аралчинская» шахтасында жарылыс жұмыстары жүргізілгені, сол кезде төрт жұмысшының қаза тапқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына дереу құтқарушылар жеткен.
«Жарылыс салдарынан 4 жұмысшы қаза тауып, бір адамның зардап шеккені белгілі болды. Қазіргі уақытта зардап шеккен жұмысшыны медицина қызметкерлері тексеріп жатыр», - делінген хабарламада.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасы бойынша оқиғаның мән-жайын анықтау үшін облыс әкімінің орынбасары С.Бекбергенов және ТЖД қызметкерлері жолға шықты.
Қайғылы оқиғаның себебі анықталуда.