СҚО-да ауыл тұрғыны күйеуінің өліміне дәрігерлерді кінәлайды

Автор: Azattyq Rýhy

Науқасты 80 шақырымдағы аудандық ауруханаға апарғанымен, дәрігерлер қайтарып жіберген

Фото: ашық дереккөзден

Солтүстік Қазақстанда ауыл тұрғыны күйеуінің бақилық болғанына дәрігерлерді кінәлап отыр. Айтуларынша, науқас ақ халаттылардың салғырттығынан көз жұмған. Енді олар әділдік іздеп, дәрігерлерді сотқа бермек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.  

Отағасынан қапыда айрылып қалған Насимолдиновтар отбасы науқасты екі мәрте 80 шақырымдағы ауданға апарған. Қызы Натальяның айтуынша, өткен сенбі күні әкесінің жағдайы күрт нашарлапты. Ауыл болып Ұзынкөлден, Булаев қаласындағы орталық ауруханаға апарған. Дәрігерлер емдеу орталығына жатқызуға негіз жоқ деп үйге қайтарып жібергенін түсіне алар емес.  

«Дәрігерлер ешқандай сараптама жасаған жоқ. Қан алған жоқ. Түріне қарап пневмония деді де, жібере салды. Сосын анам дәрігерлерге телефонмен айқайлап, «Ауруханада қалдырсаңдаршы, емдеңдерші, Үйде не ем алады? Ол жақта ең болмаса, қадағалайсыңдар ғой депді. Бірақ дәрігерлер тындамады. Біз қалдырмаймыз деп үйге жібере салды», - дейді марқұмның қызы Наталья ДЕНИСЕВИЧ.

Туғандары ауылға қайтып оралған соң, науқастың жағдайы одан сайын нашарлағанын айтады. Көп ұзамай қайта жолға шығып, ауданға жеткізген. Бұл жолы науқасты дәрігерлер қабылдағанымен, өлімге араша бола алмапты.  

«Үйге келген соң оның қол-аяғы істемей қалды. Кейін біз оны көлікпен ауруханаға апардық. Жолда ерні көгеріп, сөйлей алмай қалды. Дәрігерлер оны жансақтау бөліміне жатқызды. Сосын біршама уақыттан кейін жолдасым көз жұмды деп хабарлады», - дейді марқұмның әйелі Райхан НАСИМОЛДИНОВА.

Орталық аурухананың бас дәрігері бұл оқиғаға қатысты түсінік берді. Оның айтуынша, науқас алғаш келгенде жағдайы қалыпты болған. Бір емес, бақандай үш маман осындай шешімге келгенін алға тартты. Бірақ марқұм өкпе қабынуынан емес, инсульттан қайтыс болды дейді.

«Пациент алғаш рет келген кезде оны кезекші дәрігер, терапевт пен хирург қарап шықты. Жүрек қағысы, қан қысымы қалыпты мөлшерде болды. Өкпесін рентгенге түсірдік. Өкпе қабынуының бастапқы сатысы анықталды. Бірақ жағдайы қанағаттарлық болған соң, ем-домын үйінде жасасын деген шешім жасаған. Ал ол инсульттан қайтты деген болжам бар. Оның нақты себебін сот-медициналық сараптама анықтайтын болады», - деді СҚО М.Жұмабаев ауданы орталық ауруханасының бас дәрігері Сәкен ӘМРИН.  

Жақындары марқұмның осыған дейін де жүрек-қан тамыры ауруымен ауырғанын жеткізді. Бірақ медицина тарапынан көмек дер кезінде көрсетілсе, аман қалар еді деп отыр.

Енді олар әділдікті соттан іздемек. Алдымен сот-медициналық сараптама қорытындысын күтуі керек. Ал ол тек бір айдан соң ғана дайын болмақ.