Алматылық полицейлер суицидтің алдын алды
Полиция қызметкерлері пәтерге терезе арқылы кіруге мәжбүр болған
Алматылық полицейлер WhatsApp мессенджері арқылы келген хабарламадан кейін суицидтің алдын алды. Учаскелік полиция қызметкерінің телефонына аумақтағы пәтерлердің бірінде тұрғындардың бірінің өзін-өзі өлтіруге дайындалып жатқандығы туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына дереу барған учаскелік полиция қызметкерлері ер адамның өзіне қол жұмсауының алдын алды.
Хабарлама жіберген – өзіне қол жұмсамақ болған адам. Хабарламадағы мекенжай бойынша келген қызметкерлерге пәтер есігін ешкім ашпаған. Полиция қызметкерлері пәтерге терезе арқылы кіруге мәжбүр болған. Мессенджер арқылы келген хабарламадан ер адамның ұлын (Ринат – ред.) көрмегеніне 4 айдан асқанын, оны көруге мүмкіндік бермей жүргенін жазылған.
«Ер адам арқанды дайындап, өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Онымен әңгімелесу барысында инспекторлар оның депрессивті көңіл-күйде екенін және жалпы денсаулық жағдайының бірқалыпты еместігін байқап, оқиға орнына дәрігерлерді шақырған, олар ер адамды қосымша тексеру үшін алып кетті. Сондықтан жергілікті полиция қызметкерлерінің телефон нөмірін білу өте маңызды. Менің Facebook парақшамнан желі қолданушылары ауданымыздағы учаскелік полиция инспекторларының барлық байланыс деректерін көре алады. Азаматтар кез келген уақытта олардан көмек сұрай алады», – деді Алатау аудандық Полиция басқармасының бастығы Ілияс Өмірсеріков.