ШұғылЕлімізде өткен тәулікте 855 адамнан коронавирус анықталды

СҚО-да шақалағымен жолда қалған жас анаға көмек көрсетілді

Дәрігерлер келіншекке автокөлік кабинасында ота жасауға мәжбүр болды

Солтүстік Қазақстан облысының Ғ.Мүсірепов атындағы ауданында шақалағымен жолда қалған жас босанған әйелге көмек көрсетілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

28 желтоқсанда сағат 8.33-де Ғ.Мүсірепов атындағы ауданының Новоишимское селосы № 16 өрт сөндіру бөлімінің байланыс пунктінің телефонына Мұқыр селосында жаңа босанған 21 жастағы мүмкіндігі шектеулі әйелге шұғыл көмек қажет екені туралы қоңырау түсті. Ана мен баланы алып кеткен «жедел жәрдем» көлігінің ақаулығы салдарынан сол елдімекен жанындағы Новоселовка – Мұқыр жолында тұрып қалғаны белгілі болды.

Оқиға орнына бөлім бастығы, азаматтық қорғау майоры Нұрсұлтан Елеусізов бастаған жедел топ жүріп өту мүмкіндігі жоғары «ТРЭКОЛ» машинасымен шықты. Жарты сағаттан кейін оқиға орнында жетті. Бірақ келгеннен кейін әйелге шұғыл ота қажет екені анықталды.

Белгілі болғандай, орталық аудандық аурухананың дәрігерлері Виктор Авраменко мен Вероника Казина ауылда қабылдаған босандыру шарасы бірқатар жағдайларға байланысты қиынға түскен екен.

«Анасы мен жаңа туған шақалақты автокөліктің жылы кабинасына жатқызып, сол жерде дәрігерлер тобы ота жасады. Көп ұзамай ТРЭКОЛ кері жолға шықты. Сағат 11-де анасы мен баласы Новоишимка селосының орталық аудандық ауруханасына жеткізілді», - делінген облыстық ТЖД хабарламасында.

Қазір ана мен баланың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ, олардың жағдайы тұрақты.