Жыл басынан бері Қазақстан кәсіпорындарында 185 адам қаза тапқан
1 300 адам өндірістік жарақат алды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Үкімет отырысында елдегі өндірістік жарақат жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Ведомство басшысының айтуынша, соңғы 3 жылда өндірістік жарақаттану 15%-ға төмендеген, оң динамика сақталуда.
«Сонымен қатар, осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша республика кәсіпорындарында 1 мың 300 адам зардап шекті, оның ішінде 185 адам қайтыс болды. Өндірістік жарақаттанудың өсуі Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында байқалады», - деп атап өтті Нұрымбетов.
Министр мемлекеттік еңбек инспекторларының талабы бойынша 33 лауазымды тұлға жұмыстан шеттетілгенін, 11 жабдықтың жұмысы тоқтатылғанын, құқық қорғау органдарына 812 іс жіберілгенін, олар бойынша 97 қылмыстық іс қозғалғанын айтты.
«Өндірісте зардап шеккен, сондай-ақ зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің санын азайту жөніндегі кешенді шаралар Үкімет бекіткен 2019-2023 жылдарға арналған Жол картасы шеңберінде іске асырылуда», - деп түйіндеді министр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: «Ақтөбеден адал еңбекпен ақша табуға келгенмін»: өндірістік жарақат алған Қайрат әділдік іздейді
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан