Қызын аязда үйден шығарып жіберген әйел осы әрекеті үшін өкінетінін айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Ол бөлме жалдаудан, үнемі жұмыс іздеуден шаршағанын айтқан

скриншот: видео

Белгілі тележүргізуші Динара Сатжан 8 жастағы қызын аязды күні ішкиіммен далаға шығарып жіберген елордалық әйелмен сөйлесті. Бұл туралы ол Instagram-дағы парақшасында хабарлады.

«Қыздың анасы өкініп отыр. "Сабақ алдым. Ақшаның жетіспеушілігінен, бөлме жалдаудан, үнемі жұмыс іздеуден шаршадым. Кеше балаларға ашуландым. Мен олардың басқа біреудің затын алғанын қаламаймын. Бұлай болмау керек екенін түсіндіру үшін қызымды далаға шығарып жібердім" дейді», - деп жазды Динара Сатжан.

Еске сала кетейік, Нұр-Сұлтан қаласында әйел 8 жастағы қызын жазалау үшін желең күйде далаға шығарып жіберген. Аязды күні қар үстінде отырған кішкентай қыздың фотосы әлеуметтік желілерде тарап кетті, көпшіліктің наразылығын тудырды.

Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, 23 желтоқсан күні жергілікті тұрғындардың бірі хабарласып, көршісінің балаларын ұрып жатқанын айтқан. Оның сөзінше, әйел 6 жасар баласын ұрып, 8 жасар қызын далаға қуып шыққан.

«Полиция қызметкерлері 35 жастағы әйелді анықтады. Ол балаларының көрші үйдегі заттарды рұқсатсыз алғаны үшін осындай жаза түрін қолданғанын айтты. Қазір бұл отбасы Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің есебіне алынды. Балалардың ата-анасына қатысты тиісті шаралар қолдану үшін оқиғаның мән-жайын полицейлермен бірге Білім басқармасының мамандары да анықтап жатыр», - делінген полиция таратқан хабарламада.