Өткен жылы теміржол бекеттерінде 9 жол апаты тіркеліп, бір адам қаза тапқан, - деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Шамалған теміржол өткелінде автобусқа соқтығысқан пойыздың машинисі апатты болдырмауға тырысқан.
«Пойыздың бекетке жетуіне 2434 метр қалғанда, дыбысты сигнал ойнап, бағдаршамның қызыл түсі жанды. Көлік кептеліп қалған соң, шлагбаум соңына дейін жабылып үлгерген жоқ. Сағатына 97 шақырым жылдамдықпен жүріп келе жатқан пойыздың машинисі бекетке жарты шақырымдай қалғанда жалма-жан тежегішті басқан. Алайда, тоқтап үлгерген жоқ. Тежегішті 712 метр жерден басқанда, пойыз 671 метр жер жүріп барып тоқтаған», - дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр.
Жалпы министрдің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанның автокөлік жолдарымен түйісетін 1000-нан астам теміржол бекеті бар. Олардың барлығы пойыз туралы сигнал береді. 2018 жылы теміржол бекеттерінде 9 жол апаты тіркелген. Салдарынан бір адам қаза тауып, 20 адам жарақат алған.
«Осы жылдың сегіз айын қосқанда 6 апат тіркеліп, кешегі апаттан бір адам қайтыс болды. Кешегі жараланған адамдарды қосқанда жыл басынан бері 15 адам теміржол бекеттерінде жарақат алды», - деп нақтылады Скляр.
Естеріңізге сала кетейік, кеше, 15 қыркүйек күні кешке Ақсеңгір-Шамалған теміржол бекетінде жолаушылар пойызы кептелісте тұрған автобусты қағып, бір адам қайтыс болды. Қазір төтенше жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан