Алматы облысында автобус жүргізушісін ұрған азаматтар ұсталды
Олар жүргізушіден кешірім сұрады
Алматы облысында автобус жүргізушісін ұрып-соққан 2 ер адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«20 желтоқсанда Іле ауданы Жетіген ауылында бірнеше жас жігіт автобус жүргізушісіне қарақшылық шабуыл жасады. Аталған факт Іле аудандық полиция басқармасында тіркелді», - деп хабарлады полициядан.
Тексеру барысында автобус камерасына түсіп қалған видеодан жүргізуші мен жолаушы арасында жанжал пайда болғаны анықталды.
«Осы жанжалдан кейін жолаушы ұлына қоңырау шалып, шақырған. Ал ұлы досын ертіп келіп, 2 жас жігіт автобус жүргізушісіне бірнеше соққы жасаған. Күдіктілер ұсталды. Олар Талғар ауданы Нұра ауылының тұрғындары – жолаушының 28 жастағы ұлы және оның 21 жастағы досы», - деп хабарлады облыстық ПД.
Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, қоғамдық көлік жүргізушісінің денсаулығына жеңіл зиян келтірілген. Бұл іс Әкімшілік кодекстің 73-1-бабы бойынша шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Сондай-ақ ұсталғандар автобус жүргізушісінен кешірім сұрады.