Зейнеткерді зорламақ болған күдіктімен селфи жасаған шымкенттік полицей қызметінен босатылды
Оқиға Шымкент қаласында болған
17 желтоқсан күні шамамен сағат 23:15-те Шымкент қаласы Еңбекші ауданының Полиция басқармасына әйел адамға көмек қажет екені туралы хабар түскен. Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобы 1950 жылы туған әйелді белгісіз біреу үйдің кіреберісінде зорламақ болғанын анықтады. Сол күні бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының, 3-бөлігі - 120-бабының, 1-бөлігі (зорлау әрекеті) бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелді.
Күдікті ұсталып, оның 1985 жылы туған жергілікті тұрғын екені анықталды. Сол кезде күдікке ілінген азаматты полиция бөлімшесіне алып бара жатқанда полицейлердің бірі қызметтік көлікте онымен селфи жасап, ол әлеуметтік желіде тарады.
Осы оқиғаға байланысты Шымкент полиция департаменті шара қолданып, қызметтік тексеріс жүргізді. Департамент басшылығы тексеріс нәтижесінен соң оны қызметтік тәртіпті бұзды деп есептеп, тәртіптік комиссия шешімімен қызметінен босатты.
«Бөлім басшылығы учаскелік полиция инспекторының бұл әрекетін офицерге тән емес деп тапты. Қызметтік тексеру нәтижесінде ол қызметтік тәртіпті бұзғаны, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексіндегі талаптарды сақтамағаны үшін қызметінен шеттетілді», - деліген Шымкент ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.