Тағы бірнеше адам жарақат алды
Батыс Қазақстан облысында адам өліміне алып келген бірнеше жол апаты болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі БҚО полиция департаментіне сілтеме жасап.
«Орал-Атырау жолының 29-шақырымында 53 жастағы жүргізуші «Нива» автокөлігімен келе жатып, «КамАЗ» автокөлігінің жанында тұрған 40 жастағы жүргізушіні қағып кетті. Соның салдарынан ол жедел жәрдем көлігінде көз жұмды. Сондай-ақ бұл жолда 39 жастағы жүргізуші «ВАЗ» автокөлігімен басып озамын деп, қарсы келе жатқан «Аудимен» соқтығысты. «ВАЗ» автокөлігінің жолаушылары Ақжайық аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. 43 жастағы әйел түрлі жарақат алса, 57 жастағы әйел ауруханада қайтыс болды», - деп жазылған ақпаратта.
Сонымен қатар Орал қаласында «Toyota Corolla» автокөлігі Н.Назарбаев даңғылымен келе жатып, 20 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жігіт облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілгенімен, 9 сағаттан кейін жансақтау бөлімінде жан тапсырды. Қазіргі кезде үш оқиға бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде.